Жанкелдин ауданында бір кездері қаңырап қалған Қуат қонысында тіршілік қайта жандана бастады. Аралбай ауылының іргесіндегі қыстақта жаңа үйлер бой көтеріп, жарық тартылған. Бөлімшенің қайтып еңсе тіктеуі – өңірде өрістей бастаған жылқы шаруашылығымен тығыз байланысты. Әсіресе, шалғай жатқан ауданда жылқы саны көбейіп келеді.

Шөбі шүйгін, шабындығы мол Қуат мекені тоқырау жылдары мүлдем бос қалған болатын. Бұл – өткен ғасырда Әліби Жанкелдин келіп, қазақ даласына алғаш кинофильм көрсеткен тарихи қоныс. Шаруашылықтың иесі осы киелі Торғай жерінің тумасы Азамат Балғабайұлы 2009 жылы мұнда «Азамат» қожалығын ашып, 200 бас жылқы әкеліп, құлап қалған қораларды қайта жөндеді. Қазір Қамбар ата түлігінің саны алты жүзден асады. Елді мекенде жаңа үйлер салынып, жеті отбасы көшіп келген. А. Балғабайұлы қазір Ақмола облысы, Жарқайың ауданында тұрады. Шалғайдағы шаруашылыққа Азаматтың ағасы Серік Мекебаев бас-көз болып отыр.

-Ертеректе ауыл орталығы атанып, ел қоныстанған жер ғой. Кейін ел-жұрт көшіп, қаңырап қалды. Әйтпесе, мал өрістетуге жайлы мекен. Әуелде 200 бас жылқымен бастағанбыз, қазіргі саны 600-ге жетеді. Енді ірі қара санын арттырсақ па деп отырмыз. Оның үстіне, асылдандыру жұмыстары да жүріп жатыр. Осы ірі қараны көбейтер кезде  мемлекеттен азын-аулақ несие алдық. Алдағы екі-үш жылдың көлемінде сиыр санын 300-ге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз,-дейді «Азамат» шаруашылығының атқарушы директоры Серік Мекебаев.

Cондай-ақ, жұмыскерлерге де бар жағдай жасалғанын айта кету керек. Жаңа үй тұрғызып, монша да салып берген. Қожалық ашылмас бұрын, барлық жағдай жан-жақты қарастырылған. Еңбек етем деген азаматты қуана-қуана қарсы алады мұнда. Баспанасы сайлы, жұмысы жайлы. Тепсе темір үзетін жігіттерге керегі де осы. Солардың бірі – Мұратбек Қожахметов.

— Еңбекақыны ай сайын беріп тұрады. Өзіміздің азын-аулақ малымызды да осы шарауашылықтың отарына қосып бағамыз. Ол үшін бізден ақша алмайды. Тамағы да, соғымы да тегін. Қыс тақағанда 3 тонна көмірді ақысыз береді. Ауыл орталығы да алыс емес. Жұмыс істеп, күн көруге жайлы жер,-дейді М.Қожахметов. 

Қазір серіктестікте жылқыдан бөлек, мыңға тарта қой, 150 бас сиыр бағылады. Шет мекендегі үйлердің үлкен қалалардағы баспанадан еш кемдігі жоқ. Жарық тартылған. Байқағанымыз, ұялы байланыс та ұстайды. Бұл жерден кетем деп жатқан адам жоқ екенін айтады қожалық иесі. Қайта үстіне адам келем десе, тағы үй салып беруге әзір. Жұмыс табылады. Техникалары жаңа.

Шаруашылықтың негізгі тірек ретінде жылқы малын таңдауы тегін емес. Ол экономикалық жағынан тиімді. Жаз жайылымда, қыс тебінде. Еті мен қымызы өтімді. Сондықтан да торғайлықтар Қамбар ата түлігін көбейтуге ниетті. Жанкелдин ауданында осыдан 5 жыл бұрын жылқы саны 7 мыңның шамасында болса, қазір 9 мыңнан асқан. Қостанай облысында қазір қылқұйрықтардың саны 108 мыңға жетеді. Енді сан ғана емес сапаға да көңіл бөлініп отыр. Былтыр облыста «Құлан» бағдарламасы бойынша 2000 бас алыну керек болса, ол меже артығымен орындалған.

Шаруашылық қожайыны Азамат Балғабайұлы туған жері үшін қолынан келгенін аянып қалар емес. Мал шаруашылығынан бөлек, Аралбай ауылынан азық-түлік дүкенін де ашқан. Тұрғындарға тауар үзілмей жеткізіліп тұрады. Аудан орталығына ат шалдырып, әуреленудің қажеті жоқ. Кәсіпкердің ілгері тартқан бизнесінің арқасында ауылдың 20 азаматы тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл тұста ауыл әкімінің де айтары бар.

-Аудан орталығынан айтарлықтай қашық емеспіз. 1 сағаттық жол ғана. Елдің азаматтары осындай игі істі қолға алып, ауылдастарына да пайдасын тигізіп отыр. Тек бір мәселе бар – жұмысшы саны жетіспейді. Қуат қыстағындағы «Азамат» шаруашылығына әлі де жұмыскерлер қажет. Аралбайдағы бірталай азаматтарға ұсыныс жасадық, бірақ жұрттың көбі бұған сүлесоқ қарайды. Қара жұмыстан қашқақтайды бүгінгінің жігіттері. Бәрі бірдей таза, жақсы қызметте істегісі келеді. Жұмыс таңдайтын заман емес қой қазір,-дейді Аралбай ауылының әкімі Қойшыбек Нұридденұлы.

Елбасының «Туған жерге туыңды тік» деп айтуы бекер емес. Осындай азаматтардың шалғайдағы ауылға келіп, кәсіп ашуы – елдің еңсеін көтеріп, болашаққа сеніммен қарауына оң септігін тигізеді. Бүгіндері ауылдың аудан орталығымен арасы жақсарып, қатынауға жеңілдей түсті. Жыл сайын жол тазартылып, ашылып отырады. Ал тұрмысы өзге ауылдардан кем емес, керек дүниенің бәрі дүкенде самсап тұр. Ата кәсіп ауылдықтарға несібесін беріп отыр.

Төсінде төрт түлігі көбейіп, ел қоныстана бастаған иен далаға қайтадан жан бітіп жатқандай. Талай жыл тусыраған бұл мекеннің әлі қанат жая түсетіні сөзсіз. Жылдан-жылға мал басы көбейіп, жұмыс орны да ашылады. Аудан орталығы мен көршілес жатқан елді мекендерден еңбекке адамдары тартылып, халық саны да арта түседі. Кезінде қалың қазақ жайлаған ата-баба қонысында осылайша тіршілік қайта жанданбақ.