Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Лисаков қаласы мен Таран ауданына іссапармен барды. Жұмыс барысында бірқатар әлеуметтік нысанды аралады.

Ол әуелі Лисаков қаласындағы 7-ші шағын ауданында салынып жатқан көп қабатты тұрғын үйдің құрылыс қарқынымен танысты. Бұл тәуелсіздік жылдарындағы алғашқы тұрғын үй құрылысы. Құрылыс биыл мамыр айында басталған. 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жоспар бойынша 2020 жылы аяқталуы тиіс. Биыл 35 млн теңге бөлінген. Алдағы жылға 100 млн сұрап отыр. Баспана бірінші кезекте тұрған мұқтаж жандарға беріледі. Кейін «Тұрғын Үй Құрылыс Жинақ банкі» салымшылары сатып ала алады.

Сондай-ақ, күрделі жөндеуден өткен нөмір 4 орта мектепке соқты. Бұған 470 млн теңге қаржы жұмсалған. Мұғалімдер жеткілікті. Заманға сай STEM лабораториясы жұмыс істеп тұр.

Өңір басшысы қаладағы орталық стадионға ат басын бұрды. Бұл спорттық нысанға жуырда ғана күрделі жөндеу жұмыстары жасалған. Футбол алаңы төселіп, көрермендер трибунасы жаңарды. Спортшылардың киім ауыстыру, жаттығу бөлмелері де өзгерген. Тамыз айында бұл стадионда облыстық «Тың-Целина» спартакиадасы өткен болатын. Жөндеу жұмыстары мен спорттық шараны өткізуге бас-аяғы 700 млн теңге жұмсалды.

Архимед Мұхамбетов бұдан соң іргедегі Таран ауданының тұрмыс-тіршілігімен танысты. Мұнда орақ маусымы қызып тұр. Яғни диқандар күні-түні далада еңбек етеді. Күн суытпай тұрып, молынан астық оруды көздейді. Қыс қыр астында. Әне-міне дегенше қазанда қытымыр сезіліп, қыса бастайды. Оған дейін күн түсіп, техника түзуде астық жинау ләзім.

Облыс әкімі «Әділет-Т» ЖШС-нің егіс алқабына барды. Бұл жерде аудандағы барлық егінші жиналған. Аудан әкімі Қуандық Қайдарұлының айтуынша, дәнді дақылдан бөлек, көкөністің де шығымы жақсы.

-Үнемі бақылауда ұстап отырамыз. Қазірдің өзінде қыруар алқап еңсерілді. Дегенмен, көзбен көруді жөн санадым. Қандай ұсыныс-шағым айтасыздар, кешіктірмей шешімін табайық. Жалпы, жылдағы межеден кем түспеу керек. Майлы дақылдарға көбірек көңіл бөліңіздер. Биыл ауа райы салқын болды. Дегенмен барын жиып-тереміз. Бастысы, керекті теxника дайын болу керек. Өйткені баға да өзгеріске ұшырады. Ертерек нарыққа шығуды көздейміз. Қыркүйекте астық өңдейтін жаңа зауыт іске қосылады. Ол Қостанайдағы индустриялды аймақта ашылады. Қытайлық компаниямен келісім бар, алдағы он жыл жемісті жұмыс істеуге ниеттіміз,-деді өңір басшысы диқандарға.

Егіс алқабының иесі, серіктестік директоры Аңсаған Өтеулин де биылғы жұмыстарға қысқаша шолып шықты. Жалпы жағдай жаман емес. 10 гектар жер дән сепкен. Бастысы өнім бар.

Реклама