Арқалықта осындай атаумен даңқты жерлесіміз, сатирик — жазушы, этнограф — ғалым С.Кенжеахметовтың 80 жылдығына арналған Республикалық театрлар фестивалі өтті. Екі күнге созылған думанды додаға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын, сатирик Көпен Әмірбеков бастаған қазылар алқасы әділ бағасын берді.

Елімізге танымал белгілі сықақшы Көпен Әмірбек жиылған жұртқа Сейіт Кенжеахметов жайлы естеліктер айтып, қазақы қалжыңның қасиеті жөнінде баяндап берді.

Республикалық әзіл-сықақ фестивалі облыстық іріктеу кезеңінің жеңімпазы Арғын Жүкебаев Сейіт Кенжеахметовтың «Жағымпазға кеңес» сатиралық шығармасын, телевизиялық «Көңілашар» жобасының жеңімпазы Біржан Жүзбай «Сейіт ағамыз деген екен» қағытпа қалжыңдарын шеберлікпен орындап, көрерменнің ықыласына бөленді.

«Мұндай ауқымды фестиваль облыста тұңғыш рет әрі жоғары деңгейде өтті. Бұл — Сейіт ағамызға деген елдің құрметі болса керек. Осындай шаралар Қостанай облысында жиі ұйымдастырылса деген тілек бар», — дейді белгілі әртіс Олжас Бегайдаров.

Ал «Үздік әзіл-сықақ театры» номинациясын Меңдіқара ауданынан келген «Әдемі әзіл» студиясы жеңіп алды. Ақтөбе қаласының «ЕКІ ЕЗУ» сатира театры Сейіт Кенжеахметов атындағы жүлдеге ие болды.
Ел алдында Сейіт ағасы жайлы жарқын естеліктер айтқан сатира сардары Көпен Әмірбек: «Біздің бұл бастамамыз игі дәстүрге айналса, яғни жыл сайын елімізде С.Кенжеахметов атындағы республикалық театрлар фестивалін өткізу қолға алынса» деген ұсынысын білдірді. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Нағашыбай Мұқатов сиясы кеппеген тебіреністі арнау жырын оқыды. Марқұмның ұрпақтары арнайы әзірлеген сый — сияпаттарын жасап, жарыс жүлделерін табыстады.

Реклама