Бұл кісі туралы көкем (әкем) Бәйділлә айтқан әңгімелерді дер кезінде жазып қойған емес едім. Осылардың айтарлықтай ешбірін әлі осы күнге дейін де толық түрде қағазға түсірген де жоқпын. Өзім де биыл 64 жасқа толдым. Бірақ, осы күнге дейін сол әңгімелердің бәрін жазып, бір топ жинақ ретінде кітап етіп шығаруымды өзіміздің келешек ұрпақтарымыздың алдындағы борышым деп жүрмін. Әрине, бұл әңгімелер біздердің туысқандарымыздың тарихынан үзінділер. Нәсіп етіп тұрған болса, олардың бәрін келешек ұрпаққа шежіре етіп қалдырамын. Сарыала Бәйімбет туралы әңгіме де солардың бірі.
Сарыала Бәйімбет он тоғызыншы ғасырдың шамамен қырқыншы жылдарында (1837-40 жылдар шамасында, немесе, бұдан да 5-10 жыл ілгері туған болуы да мүмкін, оған себеп – бұл туысқан екі ағалы-інілер 1850 жылдар басында Сыр бойына жігіт жасында келген) Сарыарқада (Торғайда, дәлірек айтар болсақ, шамамен Қайғыда) туған адам екен. Ағалы-інілілердің руы Арғын, оның ішінде Тағышы-Арғын екен. Өте ерте замандарда Арғындардың ішінде біздерді Үштағы Арғындар деген. Сол заманда бұл Үштағы Арғындарға Ақташы, Тағышы, Бәйтәжі деген Арғындар кіреді. “Не себептен бұларды Үштағы Арғындар дейд?і” деп сұрағанда, “бұл үшеуі үш жерде үш таққа ие болған Арғындар, сол себептен бұларды Үштағы Арғындар дейді” деседі жұрт. Бұл этимологик атаулардың әрбіріне басқа жерде кеңінен тоқталамын.

Сейітбай Байдуллаев. 2019 жыл, 16 наурыз. Шымкент қаласы