Қостанай облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Бекет Аймағамбетов пен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Салауат Мүксімов бірлескен брифинг өткізді, деп хабарлайды департаменттің баспасөз қызметі.

Брифингте жемқорлыққа қарсы бірлескен жұмыстың жол картасы аясында ведомстволар ынтымақтастығының негізгі бағыттары талқыланды. Қос басшының бірлескен брифингі өңірде бірінші рет өтіп отыр. Қостанай облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Бекет Аймағамбетовтің айтуынша, биыл өңірде екі рет полицияның фронт-кеңсесінде азаматтарды қабылдау күні өтті.

«Бірінші қабылдауды мен жеке өткіздім, екіншісін жергілікті полиция бөлімдерінің басшылары жүргізді. 100-ден астам азаматты қабылдап, сұрақтарға жауаптар бердік, заң кеңестері өткізілді. Енді 7 маусымда таңғы сағат 10.00-ден бастап менің орынбасарларым мен жергілікті жердегі бастықтардың орынбасарлары азаматтарды қабылдайды», — деп атап өтті Қостанай облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Бекет Аймағамбетов.

Бүгінде халықпен байланыс WhatsApp мессенджері арқылы да жүріп жатыр. Қазір екі топ құрылған. Учаскелік полиция инспекторлары 8 777 054 44 64 нөмірі арқылы жұртшылықтың ұсыныстарын қабылдайды. Екінші топта полиция қызметкерлері мен ПКСК төрағалары отырады. Мұндай шешім Қостанай, Рудный және Лисаков қалаларының ПИК төрағаларымен бірлескен кеңесте қабылданды.

Реклама