Қостанайда ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен «Қазақстан балалары шексіз әлемде!» атты республикалық кинофестиваль өтті. Мұндай шара елімізде осымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр.

Кино фестивалінің қатысушылары бұған дейін аудан-қалалық және облыстық кезеңдерде іріктеуден өткен. Көрермендерге бас-аяғы 134 оқушының туындысы ұсынылды. Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың акт залында өткен бұл шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылып отыр.

«Балалар өз қиялын қойылымдар арқылы шебер суреттей білген. Айта кететін жайт, жасөспірімдер көбіне ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасқа, аз қамтамасыз етілген отбасыдан шыққан балалардың тұрмыс тауқыметіне, жасөспірімдерге арналған гаджеттің әсеріне, достық, жалғыздық тақырыптарына ерекше назар аударыпты. Олар өз туындылары арқылы өлкетану бағыты бойынша туған жерге үлес қосуға ұмтылыстары мен сананы жаңғыртуда ұлттық кодты басымдықта ұстанатынын да байқатты. Жас өскіннің бұл байқау арқылы шығармашылық ой-қабілеті дамып, кино мәдениетіне деген қызығушылығы артатыны сөзсіз», — дейді қазылалар алқасының мүшесі Шұға Қоңқабай.

Реклама