Қостанай облысыныі әкімі Архимед Мұхамбетов жұмыс сапарымен Арқалық қаласына барды. Аймақ басшысы бұл жолғы сапарында мұндағы құрылыс қарқынын бажайлап, әлеуметтік нысандарды аралап, жұртшылықпен кездесті.

Архимед Бегежанұлы Арқалық қаласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде құрылысы жаңғыртылып жатқан Шақшақ Жәнібек көшесі №107 үйдің жұмыс барысымен танысты. Құрылыс мердігері «Алюминстрой» ЖШС бас директоры Абай Мұқанов мәлімдегендей, 112 пәтерлі тұрғын үйдің жаңғырту жұмыстары қазіргі таңда 80 пайызға жүргізілген. Үйдің төбесі тегіс жабылған, қазіргі таңда сырты жылу ұстағыш материалдармен қапталу үстінде. Құрылысшылар су, электр желілерін де қосып үлгерген. Бұл үй негізінен көпбалалы отбасылар мен дәрігер мамандарға арналып жабдықталуда. Соған сай құрылымы жағынан 4 — 3 және 1 бөлмелі пәтерлерге басымдық берілген. Заманауи үлгіде салынып жатқан үйдің балаларға арналған 50 орындық шағын орталығы да бар. Бұл баспана алдағы шілде айында пайдалануға берілмек.