Бүгінде агроөнеркәсіп кешені экономиканың тұрақты дамып келе жатқан секторларының бірі ғана емес, сондай-ақ бизнес үшін экономикалық тұрғыдан тартымды сала болып табылады.

Жалпы алғанда, 2018 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 3,5% -ға, азық-түлік тауарлары — 1,6% -ға өсті. Ауыл шаруашылығында негізгі капиталға салынған инвестициялардың ағыны 14,2% -ға, азық-түлік өндірісінде 27,3% -ға артты. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров 2018 жылдың қорытындылары мен саланың даму жоспарын халықпен есеп беру кездесуінде баяндады.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың екінші жартыжылдығында Үкімет Елбасының еңбек өнімділігін және өңделген өнім экспортын 2,5 есе арттыру бойынша қойған міндеттерін ескере отырып, АӨК-ті дамытудың мемлекеттік бағдарламасын өзектендірді. 2018 жылдың қорытындысы бойынша оны іске асырудың қысқа кезеңінде бірқатар бағыттар бойынша оң нәтижелерге қол жеткізілді.

Осылайша, 2018 жылы өсімдік шаруашылығы өндірісінде әртараптандыру шеңберінде майлы дақылдардың жалпы жиыны 2,7 млн. тоннаны құрады. Сонымен қатар, зығыр өндірісі бойынша Қазақстан алғаш рет әлемде бірінші орынды иеленіп, оның көлемін 930 мың тоннаға жеткізді. 20,3 млн. тонна көлемінде жиналған астық дақылдарының (13,5 г / га шығымдылығы) ұнды қоса есептегенде 11,7 млн. тонна астық экспортқа жіберілді, бұл көрсеткіш 2017 жылға қарағанда 33% артық. Бұл Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы рекордтық экспорт көрсеткіші.

Реклама